Расписка деген не және оның заңды күші бар ма?
Расписка, яғни қолхат — бір адамның екінші адамнан белгілі бір ақша сомасын алғанын және оны қайтаруға міндеттенгенін растайтын жазбаша құжат. Егер қолхатта қарыз сомасы, қарыз алған адамның деректері, қайтару мерзімі және қолы көрсетілсе, ол сотта маңызды дәлел ретінде қаралады.
Көп адам “қолхат нотариуспен куәландырылмаса, күші жоқ” деп ойлайды. Бұл әрдайым дұрыс емес. Қарыз берілгенін растайтын қолхат, банк аударымы, Kaspi аударымы, WhatsApp хаттары, SMS немесе басқа дәлелдер болса, қарызды сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндік бар.
Қолхат бойынша қарызды өндіріп алу үшін қандай құжаттар керек?
Қарызды сот арқылы өндіру үшін мына құжаттарды дайындаған дұрыс:
- Қарыз туралы қолхаттың түпнұсқасы немесе көшірмесі;
- Ақша берілгенін растайтын банк аударымы, Kaspi чек, түбіртек;
- Қарыз алушымен жазысқан WhatsApp, SMS, Telegram хаттары;
- Қарызды қайтаруды талап еткен хабарламалар;
- Қарыз алушының жеке деректері: аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, телефон нөмірі;
- Мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
- Заңгерлік көмекке кеткен шығындарды растайтын құжаттар, егер талап етілсе.
Егер қолхатта борышкердің қолы бар болса, бұл талап қою үшін мықты дәлел. Ал егер борышкер “мен жазған жоқпын” немесе “қол менікі емес” десе, сот барысында қолтаңба сараптамасын тағайындауға болады.
Қарызды өндіріп алу тәртібі қандай?
1. Қолхатты құқықтық тұрғыдан тексеру
Алдымен қолхатта негізгі мәліметтер бар-жоғын қарау керек. Ең маңыздысы:
- қарыз алушының аты-жөні;
- қарыз берушінің аты-жөні;
- қарыз сомасы;
- ақша берілген күн;
- қайтару мерзімі;
- қарыз алушының қолы;
- ақша нақты қарыз ретінде берілгені туралы жазба.
Егер қайтару мерзімі көрсетілмесе де, қарызды өндіріп алуға болады. Бірақ мұндай жағдайда алдымен борышкерге қарызды қайтару туралы жазбаша талап жіберген дұрыс.
2. Борышкерге қарызды қайтару туралы талап жіберу
Сотқа дейін борышкерге жазбаша талап немесе досудебная претензия жіберуге болады. Онда:
- қарыз сомасы;
- қолхат жасалған күн;
- қайтару мерзімі;
- қарызды ерікті түрде қайтару үшін берілетін уақыт;
- қайтармаса, сотқа жүгінетініңіз көрсетіледі.
Бұл қадам міндетті болмауы мүмкін, бірақ сотта сіздің мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқаныңызды көрсетеді. Бұл — “мен бірден сотқа жүгірген жоқпын, алдымен адамша сұрадым” деген дәлел. Заң тіліндегі дипломатия, қысқасы.
3. Сотқа талап арыз беру
Егер борышкер қарызды қайтармаса, сотқа қарызды өндіру туралы талап арыз беріледі. Талап арызда:
- талапкердің деректері;
- жауапкердің деректері;
- қарыздың қалай берілгені;
- қолхаттың мазмұны;
- қарыздың қайтарылмағаны;
- өндірілетін сома;
- мемлекеттік баж;
- сот шығындары;
- талап қоюшының нақты өтініші көрсетіледі.
Соттан негізгі қарыз сомасын, келісілген сыйақыны немесе өсімпұлды, мемлекеттік бажды және заңгерлік шығындарды өндіруді сұрауға болады.
4. Мемлекеттік баж төлеу
Қарыз өндіру туралы талап мүліктік сипаттағы талапқа жатады. Сондықтан сотқа талап арыз берген кезде мемлекеттік баж төленеді. Әдетте жеке тұлғалар үшін талап сомасының 1 пайызы мөлшерінде төленеді.
Мысалы, қарыз сомасы 1 000 000 теңге болса, мемлекеттік баж шамамен 10 000 теңге болады.
5. Қажет болса, талап қоюды қамтамасыз ету сұралады
Егер борышкер мүлкін сатып жіберуі, ақшасын шығарып алуы немесе қарызды төлеуден жалтаруы мүмкін болса, соттан талап қоюды қамтамасыз ету шараларын сұрауға болады.
Мысалы:
- банк шоттарына тыйым салу;
- көлікке тыйым салу;
- жылжымайтын мүлікке тыйым салу;
- белгілі бір сомада мүлікке шектеу қою.
Бұл қадам қарызды кейін реально өндіріп алу үшін маңызды. Әйтпесе сотта жеңіп алып, кейін “борышкерде ештеңе жоқ” деген классикаға кіріп кету қаупі бар.
6. Сот шешімін алу
Сот дәлелдерді зерттеп, қолхаттың заңдылығын, ақша берілгенін және қарыздың қайтарылмағанын анықтайды. Егер талап дәлелденсе, сот қарызды өндіру туралы шешім шығарады.
Шешім заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағын алып, сот орындаушысына жолдауға болады.
7. Қарызды сот орындаушы арқылы өндіру
Сот шешімі шыққаннан кейін борышкер өз еркімен төлемесе, жеке сот орындаушыға немесе мемлекеттік сот орындаушыға жүгінуге болады.
Сот орындаушы мынадай шаралар қолдана алады:
- борышкердің банк шоттарын бұғаттау;
- жалақысынан ұстап қалу;
- мүлкіне тыйым салу;
- көлігін шектеу;
- жылжымайтын мүлкіне тыйым салу;
- Қазақстаннан шығуына уақытша шектеу қою;
- борышкерлер тізіліміне енгізу.
Яғни сот шешімі — финал емес, қарызды нақты алу үшін орындау кезеңін де дұрыс бақылау керек.
Қолхат бойынша қандай сомаларды талап етуге болады?
Сот арқылы мына сомаларды талап етуге болады:
- негізгі қарыз сомасы;
- егер қолхатта көрсетілсе, сыйақы немесе пайыз;
- егер келісілген болса, өсімпұл;
- мемлекеттік баж;
- заңгерлік көмекке кеткен шығындар;
- қажет болған жағдайда сараптама шығындары.
Егер қолхатта пайыз немесе өсімпұл көрсетілмесе, тек негізгі қарыз сомасын және сот шығындарын өндіру мәселесі қаралады.
Борышкер қарызды мойындамаса не істеу керек?
Борышкер сотта әртүрлі уәж айтуы мүмкін:
- “ақшаны алған жоқпын”;
- “қол менікі емес”;
- “қарызды қайтарып қойғанмын”;
- “бұл қарыз емес, басқа төлем еді”;
- “қолхат мәжбүрлеп жаздырылды”.
Мұндай жағдайда дәлелдемелер өте маңызды. Қолхаттың түпнұсқасы, аударым чектері, хат алмасулар, аудио/видео дәлелдер, куәлар және сараптама қорытындысы істің нәтижесіне әсер етуі мүмкін.
Егер борышкер қарызды қайтардым десе, ол да оны дәлелдеуі керек. Қарапайым сөзбен айтқанда: “айттым болды” сотта жүрмейді.
Қолхат дұрыс жазылмаса, қарызды өндіруге бола ма?
Иә, кейбір жағдайда болады. Бірақ қолхат неғұрлым толық және нақты жазылса, сотта дәлелдеу соғұрлым жеңіл болады.
Қолхатта қателік болса, мысалы ЖСН көрсетілмесе немесе қайтару мерзімі жазылмаса, бұл автоматты түрде қарызды өндіруге болмайды деген сөз емес. Сот барлық дәлелдерді бірге қарайды.
Бірақ қарыз берген кезде қолхатты дұрыс жазған дұрыс. Себебі дұрыс жазылған қолхат — соттағы жарты жеңіс.
Қолхатта не міндетті түрде жазылуы керек?
Қарыз туралы қолхатта мына мәліметтер болғаны дұрыс:
- “Мен, аты-жөні, ЖСН, мекенжайы...” деп қарыз алушының толық деректері;
- кімнен ақша алғаны;
- нақты қарыз сомасы санмен және жазумен;
- ақша қарыз ретінде берілгені;
- қайтару мерзімі;
- қайтару тәсілі;
- пайыз немесе өсімпұл болса, нақты мөлшері;
- қолхат жазылған күн;
- қарыз алушының қолы.
Мысалы: “Мен, Иванов Иван Иванович, ЖСН..., Петров Петр Петровичтен 1 000 000 теңге көлемінде қарыз алдым. Аталған соманы 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін қайтаруға міндеттенемін.”
Қарызды өндіріп алу қанша уақыт алады?
Қарызды өндіру мерзімі істің күрделілігіне байланысты. Егер борышкер қарызды мойындаса және дәлелдер толық болса, іс тезірек қаралуы мүмкін. Ал егер борышкер қарсы шығып, қолхатқа дау айтса, сараптама тағайындалса немесе мекенжайы белгісіз болса, процесс ұзаққа созылуы мүмкін.
Сот шешімінен кейін де қарызды нақты алу сот орындаушының жұмысына және борышкердің мүлкі мен табысына байланысты болады.
Қарызды сотсыз өндіріп алуға бола ма?
Иә, егер борышкер қарызды мойындап, төлеуге дайын болса, сотқа бармай-ақ келісім жасауға болады. Мысалы:
- қарызды бөліп төлеу туралы келісім;
- нотариалды келісім;
- медиациялық келісім;
- жаңа төлем кестесі.
Бірақ борышкер уәде беріп, қайта-қайта соза берсе, сотқа жүгінуді кешіктірмеген дұрыс. Себебі талап қою мерзімі өтіп кетуі мүмкін.
Заңгер көмегі не үшін керек?
Қолхат бойынша қарыз өндіру сырттай оңай көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде көптеген мәселе туындайды:
- жауапкердің мекенжайын анықтау;
- талап арызды дұрыс жазу;
- мемлекеттік бажды дұрыс есептеу;
- дәлелдемелерді дұрыс тіркеу;
- талап қоюды қамтамасыз ету;
- сотта борышкердің қарсылығына жауап беру;
- атқару парағын алып, сот орындаушымен жұмыс істеу.
Сондықтан қарыз сомасы елеулі болса немесе борышкер төлеуден жалтарып жүрсе, заңгерге жүгінген дұрыс.
Қорытынды
Расписка немесе қолхат арқылы берілген қарызды Қазақстанда сот арқылы өндіріп алуға болады. Ең бастысы — қолхат, ақша аударымдары, хат алмасулар және басқа дәлелдерді дұрыс жинау. Егер борышкер қарызды ерікті түрде қайтармаса, сотқа талап арыз беріп, кейін сот орындаушы арқылы мәжбүрлі түрде өндіруге болады.
Егер сізде қолхат бойынша қайтарылмай жүрген қарыз болса, уақытты созбай, құжаттарды тексеріп, сотқа жүгіну жолын таңдаған дұрыс.
SOT ZEYINI заңгерлері қолхат бойынша қарызды өндіру, талап арыз дайындау, сотқа құжат тапсыру және сот орындаушы арқылы өндіріп алу бойынша құқықтық көмек көрсетеді. Кеңес алу үшін WhatsApp арқылы жазыңыз.
FAQ: Расписка арқылы қарыз өндіру бойынша жиі қойылатын сұрақтар
1. Қолхат нотариуспен расталмаса, қарызды өндіріп алуға бола ма?
Иә, болады. Егер қолхатта қарыз алушының қолы, қарыз сомасы және ақша алғаны көрсетілсе, ол сотта дәлел ретінде қаралады. Нотариуспен растау міндетті емес, бірақ нотариалды құжат дәлелдеуді жеңілдетеді.
2. Қарыз алушы қолхаттағы қол менікі емес десе не болады?
Мұндай жағдайда сот қолтаңба сараптамасын тағайындауы мүмкін. Сараптама қолдың борышкерге тиесілі екенін анықтаса, бұл талапкер үшін маңызды дәлел болады.
3. Қолхатта қайтару мерзімі жазылмаса не істеу керек?
Егер қайтару мерзімі көрсетілмесе, борышкерге қарызды қайтару туралы жазбаша талап жіберген дұрыс. Содан кейін қарыз қайтарылмаса, сотқа жүгінуге болады.
4. Қарызды WhatsApp хаттарымен дәлелдеуге бола ма?
Иә, WhatsApp хаттары қосымша дәлел ретінде қолданылуы мүмкін. Бірақ ең мықты дәлел — қолхат, банк аударымы немесе ақша берілгенін растайтын нақты құжаттар.
5. Қарыз бойынша пайыз өндіруге бола ма?
Егер қолхатта немесе келісімде пайыз нақты көрсетілсе, оны талап етуге болады. Егер пайыз көрсетілмесе, сотта оны өндіру қиындауы мүмкін.
6. Қарызды өндіріп алу үшін мемлекеттік баж қанша?
Мүліктік сипаттағы талаптар бойынша мемлекеттік баж талап сомасына байланысты есептеледі. Жеке тұлғалар үшін әдетте талап сомасының 1 пайызы төленеді.
7. Қарыз алушының мүлкі болмаса, не болады?
Сот шешімі шыққаннан кейін іс сот орындаушыға беріледі. Сот орындаушы борышкердің шоттарын, жалақысын, көлігін, мүлкін тексереді. Егер қазіргі уақытта мүлкі болмаса, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кейін пайда болатын табыс пен мүлік те бақылануы мүмкін.
8. Қолхат бойынша қарызды өндіру үшін қанша уақыт ішінде сотқа жүгіну керек?
Жалпы талап қою мерзімі — 3 жыл. Сондықтан қарызды қайтару мерзімі өтіп кетсе, сотқа жүгінуді созбаған дұрыс.
9. Қарыз алушы басқа қалада тұрса, сотқа қайда жүгіну керек?
Әдетте талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша беріледі. Бірақ нақты жағдайға қарай соттылық мәселесін заңгермен тексерген дұрыс.
10. Қарызды бөліп төлеуге келісім жасауға бола ма?
Иә, болады. Егер борышкер қарызды бірден қайтара алмаса, тараптар төлем кестесін жасап, жазбаша келісім бекіте алады. Бірақ келісімді нақты мерзімдермен және жауапкершілік шарттарымен рәсімдеген дұрыс.

